Экономика
Қазақстан мен Қытай арасында құны 10 млрд доллар болатын келісімдерге қол қойылды
14 желтоқсан күні Бейжіңде ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің ҚХР-на ресми сапары жалғасты. Қытай астанасында Үкімет басшысы Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 3-ші отырысына қатысты. Бұл туралы премьер-министрдің ресми сайтында хабарланды.
Іскерлік Кеңес жұмысының қорытындысы бойынша жалпы 10 млрд АҚШ долларынан астам сомаға екі жақты коммерциялық құжаттар пакетіне қол қойылды. Атап айтқанда, «Қазақтелеком» АҚ мен China Telecom Global Limited арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға; «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «Sinopec» корпорациясы арасында өзара түсіністік Меморандумына; «Kazakhstan Petrochemical Industries, Inc» ЖШС мен China National Chemical Engineering Co. Ltd арасында Атырау облысында интеграцияланған газ-химия кешенін салу жобасы бойынша ЕРС-келісімге және т.б. меморандумдарға қол қойылды.
Отырысқа сондай-ақ екі елдің мемлекеттік органдары, ірі компаниялары және қаржы институттарының басшылары қатысты.
Іс-шара қатысушыларының алдында сөйлеген сөзінде К.Мәсімов Қазақстан мен Қытай басшыларының бастамасымен құрылған Іскерлік Кеңес екі мемлекеттің бизнес қауымдастықтары үшін тиімді диалог алаңына айналғандығын атап өтті.
Фото: primeminister.kz