Экономика
Қазақстан қор биржасында шетел валюталарына қатысты сауда көлемі екі есе өсті
2015 жылы Қазақстан қор биржасында (KASE) шетел валюталарына қатысты сауда көлемі екі есе өсіп, 66,2 трлн теңгені құрады. Бұл туралы KASE-нің ресми сайтында хабарланды.
Биржа мәліметіне сәйкес, өткен жылы KASE-де валюта айырбасын қоса есептегенде шетел валюталарына қатысты болған сауда көлемі 66,2 трлн теңге (312,8 млрд доллар) болды. 2014 жылмен салыстырғанда сауда екі есеге артты.
Биржада болған таңғы және күндізгі сессия кезінде доллардың теңгеге қатысты орташа бағамы 2015 жылдың 5 қаңтары мен 31 желтоқсан аралығында 218,01 теңгені құрады.
Сондай-ақ, акция бойынша сауда көлемі 899,6 млрд теңге ($4,7 млрд) болып, 5,6 есеге артты. Ал нарықтағы репо операциясы 23,2 трлн теңгеге ($104,2 млрд) жетіп, 2,1 есеге өсті.