Экономика
Қазақстанда 5G жиіліктері ақылы болады ма?
Алматы. 12 қараша. 7kun.kz - Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазақстанда 5G-ды енгізу туралы толық ақпарат берді.
Бесінші буын ұялы байланыс технологиясын тестілеу 2019 жылдың II тоқсанының соңына дейін жүргізіледі. Пилоттық жоба шеңберінде байланыс операторларынан жиілік ауқымын пайдаланғаны үшін төлем алынбайды. Сондай-ақ тестілеуді өткізуге және 5G технологиясының желілерін одан әрі іске қосуға байланысты шығындар байланыс операторларының өз қаражатынан жабылатын болады.
Бесінші буын байланыс желілерінің айтарлықтай айырмашылығы бар. Ол жоғары байланыс орнатуға қабілетті көптеген құрылғыларды қосуға мүмкіндік береді деп болжанып отыр. Соның есебінен телекоммуникация және ақпараттық технологиялар, автомобиль саласы, ойын-сауық индустриясы, білім беру, ауыл шаруашылығы және басқа да секторларда жаңа сервистер құруға болады.
Жоспарға сәйкес жаңа технология Астана, Алматы, Ақмола және Алматы облыстарын қамтиды.
Сонымен қатар, президент Нұрсұлтан Назарбаев ТМД елдеріне 5G технологиясын енгізу бойынша бірлескен жұмысты бастауды ұсынды. Достастық елдерінің премьер-министрлерімен кездесу кезінде Назарбаев бұл жобаны жеке-жеке жүзеге асыру мүмкін еместігін атап өтті.