Астана. 8 маусым. 7kun.kz - Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Террористік актінің салдарынан адамдардың құрбан болуына байланысты Қазақстан Республикасында ұлттық аза тұту жариялау туралы» өкімге қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
"Ақтөбе қаласында жасалған террористік актінің салдарынан әскери қызметшілер мен азаматтардың қаза болуына байланысты Қазақстан Республикасында 2016 жылғы 9 маусымда ұлттық аза тұту жариялансын", - делінген ведомствоның баспасөз мәлімдемесінде.
Айта кетейік, 5 маусымда діни радикалдар Ақтөбе қаласында екі қару-жарақ дүкеніне және әскери бөлімшеге шабуыл жасап, салдарынан 3 әскери қызметкер және 4 бейббіт тұрғын қаза тапты. 37 адам жарақат алған, олардың көпшілігі әскери қызметкерлер. Ақтөбедегі терактіге қарсы операция барысында 13 қылмыскердің көзі жойылып, 9-ы ұсталды.
Шабуыл теракт деп танылып, Ақтөбеде террорлық қауіптің "қызыл" деңгейі, ал Қазақстан бойынша 40 күнге "сары" деңгейі енгізілді.