Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстанда ұшақ билеттері қымбаттады

Қазақстанда ұшақ билеттері қымбаттады

Қазақстанда авиакомпаниялардың билеттері өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға қымбаттады, деп хабарлайды 7kun.kz.

ҚР авиатасымал және логистика секторын Украинадағы жағдай мен әлемдік қоғамдастықтың Ресейге қарсы санкциялары аясында үлкен өзгерістер күтуде. Мәселен, ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, әуе кеңістіктерінің жабылуына байланысты әуе қозғалысы ағынының бір бөлігі Қара теңіз аймағынан Қазақстан аумағына бағытталды.

Тек бір тәулікте елдің әуе кеңістігі арқылы бұрын жоспарланбаған 257 рейс орындалған. Еуропадан Қытайға және Оңтүстік-Шығыс Азияға бағытталған рейстердің артуы елімізге айына $1,5 млн көлемінде қосымша табыс әкеледі.

Ведомства хабарлауынша, республиканың аэронавигациялық жүйесінің өткізу қабілеті ешқандай шектеусіз әуе қозғалысының қосымша көлемін қабылдауға мүмкіндік береді.

Алайда finprom.kz жазуынша, ағымдағы жылдың ақпанында елімізде жолаушылар әуе көлігі қызметтерін пайдалану бағасы өткен жылмен салыстырғанда 17,7%-ға қымбаттады.

Еліміздің көптеген аймақтарында сектордағы бағаның өсуі байқалады. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында баға бір жылда 45,7%-ға қымбаттады. Антикөрсеткіштер көрсеткен үштікке Маңғыстау (43,2%) және Түркістан (34,8%) облыстары да кірді.

Сонымен қатар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында бағалар өзгерген жоқ. Ал Павлодар және Жамбыл облыстарында тиісінше баға 14,2% және 22,2% арзандады.

Похожие материалы