Алматы. 18 сәуір. 7kun.kz – Ағымдағы жылдың наурыз айындағы инфляция 2018 жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 4,8%-ды құрады. Бұл ретте азық-түлік тауарларының бағасы бірден 6,7% - ға өсті, деп хабарлайды Energyprom.kz.
Есептік кезеңде азық-түлік емес тауарлар тек 6%-ға, қызметтер 1,2%-ға қымбаттады.
Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша азық-түлік бір жылда - 6,4%-ға қымбаттады, алайда инфляцияның жалпы деңгейі 5%-ды құрады. Салыстыру үшін: 2018 жылы инфляцияның жылдық көрсеткіші 6%-ды құрады, бұл ретте азық-түлік бағасы 2017 жылға қарай 5,1%-ға, азық-түлік емес тауарлар бірден 7,8%-ға өсті.
Мұндай қарқынға байланысты Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов наурыз айында азық-түлік бағаларының қоғамдық мониторингін енгізу туралы мәлімдеді. Дегенмен, ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Камила Ковязина азық-түлік бағасының қоғамдық мониторингі барлық мәселені шеше алмайды деп есептейді. Оның пікірінше, бағаны төмендетпей, табыс деңгейін көтерген әлдеқайда нәтижелі болады.
2019 жылдың наурыз айында елдің дүкендері мен базаларында көкөністер бағасы айтарлықтай өсті. Жаңа піскен қырыққабат бір ай ішінде 29,2% қымбаттады. Пияз бағасы 15,5%-ға, қызанақ — 5,6%-ға, сарымсақ - 3,8%-ға өсті.
Картоп пен үрме бұршақ бағасы бір айда 1%-ға арзандады. Жемістер арасында банан қымбаттады — бір айда 2,5%, ал алма мен цитрус бағасы төмендеді.
Маусымдық көкөністерден басқа наурызда жармалар мен ұн өнімдері едәуір қымбаттады. Мәселен, тары бағасы айына 4%-ға өсті. Басқа жармаларға бағалар бір айда 2% шегінде өсті. Бірінші сұрыпты ұн бағасы бір айда 2,9%-ға, ал жоғары сұрыпты ұн 2,3%-ға артты.
Сондай-ақ, жоғары және бірінші сұрыпты ұннан жасалған нан бір айда 2-3%-ға қымбаттады. Қара бидай нанының бағасы 1%-ға, ал бидай нанының бағасы бір ай ішінде 1%-ға өсті. Макарон өнімдері бағасы бір айда 2%-ға қымбаттады.
Балық өнімдерінің арасында мұздатылған басы жоқ балықтың бағасы бір айда 1,7%-ға, тұздалған және ысталған балықтың бағасы 1,2%-ға артты. Статистика комитетінің мониторингіне жататын қалған теңіз өнімдері мен балық өнімдері кемінде 1%-ға өсті.
Бұл ретте ет және ет өнімдері, сондай-ақ құс еті және өзге де құс фермаларының өнімдері арасында баға 1%-ға ғана өсті, кейбірінің құны шамалы төмендеді. Осыған ұқсас жағдай сүт өнімдерінің сегментінде де байқалады.
Бакалея тауарларының арасында да бағаның айтарлықтай ауытқуы байқалмайды. Бір айда ауыз су 1,3%-ға қымбаттады. Арақ бағасы бір айда 0,3%-ға өсті. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 2019 жылға арналған арақ пен ликер-арақ өнімдерінің ең төменгі бөлшек бағалары 1 923 теңге көлемінде белгіленген.