Алматы. 31 шілде. 7kun.kz – 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлер арасындағы әйелдер үлесі нақты саннан 55,4%-ды құрады. Бұл ретте басшылық лауазымындағы әйелдердің үлесі – 39,8%. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің (МҚІА) басшысы Анар Жайылғанованың БҰҰ құрылымы өкілдерімен гендерлік теңдік, Қазақстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері бойынша кездесуі барысында белгілі болды.
ҚР МҚІА-ның баспасөз қызметі хабарлағандай, әйелдердің басшылық лауазымдарында өкілдік етуі келесідей: аймақтар әкімдерінің орынбасарлары – 10,7% әйелдер, қалалар мен аудандар әкімдері – 1,5%, комитеттер төрағаларының орынбасарлары мен орталық мемлекеттік органдар департаменттерінің директорлары – 30,4%, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары – 14,2%, облыстық басқармалар басшылары – 17,6%, қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары – 15,4%.
Анар Жайылғанова елімізде гендерлік-бағдарланған кадрлық саясат жүргізіліп жатқанын, барлық деңгейде қызмет бабында алға жылжу үшін тең бастапқы мүмкіндіктер жасалғанын, стереотиптерді еңсеру мақсатында гендерлік ағарту жүзеге асырылатынын атап өтті.
«Агенттік әйелдерді көшбасшылық қасиеттерге оқыту бойынша шаралар қабылдауда, қашықтықтан жұмыс жасау мүмкіндігі қарастырылуда, жұмыс уақытының ыңғайлы кестесі енгізілді, әкелер үшін баланы күту бойынша демалыстарды танымал етуге жеке назар аударылады», - деп атап өтті ол.