Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстанда кімдер тұрғын үймен қамтамасыз етіледі?

Қазақстанда кімдер тұрғын үймен қамтамасыз етіледі?

Алматы. 2 шілде. 7kun.kz – Алдағы үш жылда жұмыс істейтін жастарға үш мың жалға берілетін пәтер бөлу жоспарлануда. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мәлімдеді.

«Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастардың еңбек мобильділігін қамтамасыз ету үшін 2019-2021 жылдары жылына 1 мыңға жуық жалдамалы пәтерлер салуды жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үй салу мен сатып алуды қаржыландыру көлемі ұлғаюда. Бұл мақсатқа жылына 21,6 млрд теңге, 3 жылда 64,8 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр», - деді Скляр.

Оның айтуынша, бұл 2019, 2020 және 2021 жылдары жұмысшы жастарға 3 мың жалға берілетін пәтер, оның ішінде Нұр-Cұлтан, Алматы қалаларында 1050 пәтер және Шымкентте 900 пәтер беруге мүмкіндік береді.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі көп балалы, толық емес отбасылар мен мүгедек балалары бар отбасыларға тұрғын үй сатып алуға 10% бастапқы жарнасымен жылдық 2% жеңілдікті несие беруді бастайды. Осы мақсаттар үшін 3 жыл ішінде 150 млрд теңге бөлу көзделген. Жыл сайын 6 мың отбасы әлеуметтік қолдауға ие болады», - деп қосты спикер.

Сонымен қатар, Ұлттық банкпен бірлесіп жалға берілетін тұрғын үйді дамытуға жеке инвестициялар тарту тетігі пысықталуда, соның есебінен қосымша тағы 10 мың жалға берілетін пәтер салынып, жылына 20 мың отбасына дейін тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

Әлеуметтік тұрғын үйді бөлу тетіктерін жетілдіру және осы процестердің ашықтығын арттыру мақсатында кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық автоматтандырылған деректер базасы құрылады. Бұл азаматтарға онлайн режимде өз кезегінің жылжуын бақылауға мүмкіндік береді.

Похожие материалы