Қазақстан қалаларында алдағы жылдары "McDonald's" мейрамханалар желісінің 15 орны ашылады. Бұл туралы McDonald's франшизасын сатып алушы бизнесмен Қайрат Боранбаев мәлімдеді.
"Жақын арада Алматы және Астана қалаларында 15 мейрамхана салуды жоспарлап отырмыз. Кейінірек басқа да қалаларда да ашатын боламыз. Орындарды ашу үшін және қызметкерлерді дайындауға нақты бір уақыт керек", - деді ол Мәскеу қаласында өткен баспасөз конференциясында.
200 орынға арналған алғашқы мейрамхана 8 наурыз күні Астана қаласында ашылады. Кәсіпорында 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. "Астанада ашылатын алғашқы мейрамханаға салынған инвестиция көлемі 3,5 млн долларды құрайды", - деді Қайрат Боранбаев.
Екінші McDonald's мейрамханасы Алматы қаласында 2016 жылдың алғашқы жартысында ашылады деп жоспарлануда. Ал қазақстандық мейрамханаға қажетті азық-түлік тауарлары Ресейдің HAVI Logistics Russia логистикалық компаниясы арқылы жеткізіледі.