Алматы. 11 сәуір. 7kun.kz – Қазақстанда мемлекеттік бюджеттің шығындары екі айда 2 триллион теңгеге жуықтады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға артық, - деп хабарлайды Finprom.kz.
Әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығындар бір жылда 20%-ға жуық ұлғайды және барлық бюджеттік шығыстардың 27 -дан астамын құрады.
Ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында мемлекеттік бюджет шығындары 1,9 трлн теңгені құрап, бір жыл ішінде 19,3%-ға өсті. 2018 жылдың ұқсас кезеңінде шығыстардың көлемі 1,6 трлн теңгеге тең болды, жылдық өсім 9,6%-ды құрады.
Мемлекеттік бюджет шығыстары 94,9%-ға, республикалық бюджет — 95,6%-ға, жергілікті бюджет — 95,9%-ға орындалды. Республикалық бюджет шығындары 86 млрд теңгеге орындалмаған, оның 11 млрд теңгесі үнемделді. Игерілмеген сома — 75 млрд теңге, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54 млрд теңгеге аз.
Жергілікті бюджет шығындары 24 млрд теңге көлемінде орындалмаған. Барлық өңірлерде игерілмеудің негізгі себептері — ұзақ мерзімді шарттар жасасу және оларды қазынашылық органдарында кеш тіркеу, жұмыс кестесінен қалыс қалу. Алматы қаласы бойынша негізгі себеп — әкімдік басқармасының құрылымының өзгеруі.
2019 жылдың алғашқы екі айында мемлекеттік бюджет шығыстарының ең үлкен үлесі әлеуметтік көмекке және әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалды: жалпы шығындардың 27,1%-ы немесе 522,7 млрд теңге, бір жыл бұрынғыдан 19,5% артық. 2018 жылы шығыстар 437,3 млрд теңгені құрады, жылдық өсім 19,8%-ға тең болды.
Білім беру мен денсаулық сақтау саласына мемлекеттік бюджеттен 338,5 млрд және 276,5 млрд теңге бөлінді, ал осы салалар бойынша жалпы шығындар өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 16,5%-ға артты.
Борышқа қызмет көрсету шығындары 152,3 млрд теңгені құрап, жылына 19%-ға артты. Қорғанысқа бағытталған мемлекеттік бюджеттің шығындары 136,4 млрд теңгеге жетті, 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 72,8%-ға өсті.