Алматы. 29 қаңтар. 7kun.kz – 2018 жылғы ІV тоқсанда бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 176050 теңгені құрады. Бұл туралы ҚР ҰЭМ Статистика комитеті хабарлады.
Салалық құрылымда ең үлкен атаулы жалақы кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда – 390,4 мың теңге (орташа республикалық деңгейден 2,2 есеге асты), қаржы және сақтандыру қызметінде - 364,7 мың теңге (2,1 есеге асты), кәсіби, ғылыми және техникалыққызметте – 332,5 мың теңге (1,9 есеге асты), ақпарат және байланыс саласында – 261,7 мың теңге (1,5 есеге асты), құрылыс саласында – 227,5 мың теңге (1,3 есеге асты) белгіленді. Ең төменгі атаулы жалақы білім беру қызметкерлерінде белгіленді – 107,9 мың теңге, бұл республика бойынша орта көрсеткіштен 38,7% %-ға төмен.
Өңірлік бөліністе ең жоғарғы жалақы Атырау облысында белгіленді – 320,5 мың теңге, бұл орташа республикалық көрсеткіштен шамамен 1,8 есеге асады. Түркістан облысында мұның шамасы 109,7 мың теңгені құрады, бұл ел бойынша орташа деңгейден 37,7%-ға төмен.
Ең жоғарғы жалақы мөлшері 13192,4 мың теңге кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу, қаржы және сақтандыру қызметі және өзге де өңдеу өнеркәсібі түрлері салаларындағы бас директорда белгіленді. Ең төменгі жалақы мөлшері 15,6 мың теңге білім беру және мемлекеттік басқару салаларында үй-жайларды жинап тазалаушыда белгіленді.