Қазақстан. 4 мамыр. 7kun.kz – Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары ресми түрде бөлінді, деп хабарлайды 7kun.kz.
Тиісті жарлыққа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
Құжат бойынша Жетісу Алматы облысынан бөлінген. Оның орталығы Талдықорған қаласы болды. Оның құрамына Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары және Талдықорған мен Текелі қалалары кірді.
Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорғаннан Қонаевқа (бұрынғы Қапшағай) көшіріледі.
Сондай-ақ бөлінген екінші облыс – Шығыс Қазақстан. Одан Семей әкімшілік орталығы болып танылған Абай облысы бөлініп шықты. Жаңа облыс құрамына Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті аудандары және Семей мен Курчатов қалалары кірді.
Үшінші облыс – Қарағанды. Оның ішінен әкімшілік орталығы Жезқазған болатын жаңа аймақ – Ұлытау облысы бөлініп шықты. Оның құрамына Жаңаарқа, Ұлытау аудандары және Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалалары кірді.
Жарлық 2022 жылғы 8 маусымда күшіне енеді.