Қазақстанда жұмыс орындарын сақтау бойынша 30,2 мыңнан аса келісім жасалды
2016 жылдың басынан бастап Қазақстанда жұмыс орындарын сақтау бойынша 30,2 мыңнан астам келісім жасалды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
2016 жылғы 18 сәуірдегі ақпаратқа сәйкес, жұмыс орындарын сақтау бойынша облыс әкімдіктері, Астана, Алматы қалаларымен, жұмыс берушілер және өндіріс орындарының кәсіподақтарымен өзара ынтымақтастық туралы 30 207 меморандум жасалды. Бұл халықты жұмыспен қамтуға және жұмыссыздық көрсеткішінің ұлғайып кетпеуіне мүмкіндік берді.
Өткен жылдың басынан бастап 2,4 млн жұмысшыларды қамтыған 105 557-ге жуық меморандумға қол қойылды.
Қол қойылған келісімдер 1,9 мыңға жуық ірі кәсіпорындарды (жалпы көрсеткіштің 83%-ы), 103,9 мыңнан аса орта және шағын кәсіпорындарды (жалпы көрсеткіштің 59%-ы) қамтыды.
Аймақтар бойынша меморандумдардың басым көпшілігі Қостанай және Ақмола облыстарының кәсіпорындарымен жасалды. Қостанай облысында жұмысшылар саны 166,5 мың адамды құрайтын 6 мың 323 кәсіпорынмен келісім жасалды. Ақмола облысында 90,1 мыңнан аса қызметкері бар 4 мың 789 ұйыммен меморандум жасалды.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президентінің 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы жұмыссыздыққа жол бермеу бойынша берілген тапсырмасын орындау мақсатында ҚР ДСӘДМ тұрақты түрде жұмыс орындарын сақтау мен азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша белсенді шаралар жүргізіп келеді.