Экономика
Қазақстандағы жалған кәсіпкерлік көлемі 6 есе өсті
Қазақстандағы жалған кәсіпкерлерлік көлемі 6 есе өсті. Бұл туралы ҚР-ның бас прокуроры Асхат Дауылбаев мәлімдеді.
"2011 жылы 438 қылмыс тіркелген болса, өткен жылы саны 2626-ға жеткен", -деді ол. Оның айтуынша, 2015 жылдан бастап яғни Мемлекеттік кіріс комитеті құрылып, қылмыстық қудалаудың жаңа тәртібі енгізілген сәттен бері белсенділік байқалып келеді.
"Осы жылы да жалған кәсіпкерлік өсімі сақталды. 2016 жылдың бірінші тоқсанында 628 қылмыс тіркелген, өткен жылғы бұл уақытта көрсеткіш 261 болған еді", -деп атап өтті бас прокурор.
Жалған кәсіпкерлік ел экономикасына да үлкен шығын келтіруде. Оның мәліметінше, соңғы 5 жылдағы шығын көлемі 242 млрд теңгеден асқан. Бұл жолы көлем өсе түсті деп атап өтеді Асхат Дауылбаев.
"Егер 2011 жылы бекітілген шығын 27,7 млрд теңге болса, 2015 жылы ол 85,5 млрд теңгеге жетті. Дегенмен атап өту керек, бұл цифрлар елдегі жалған кәсіпкерліктің шынайы масштабын көрсетпейді",-деді бас прокурор.
Ол жалған кәсіпкерлікпен күрестің тиімділігін арттыруға әсер ететін факторларды да атап өтті. Асхат Дауылбаевтың сөзінше, жалған кәсіпкерлікпен күрес тек қылмыстық-құқықтық шаралармен шектеліп қалмауы тиіс. Салық жалтарудан пайда табатын факторларды жоюға арналған заң жобалары қабылдануы қажет.