Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстандағы тозығы жеткен жылу электр станцияларын жөндеуге 182 млрд теңге қажет – министр

Қазақстандағы тозығы жеткен жылу электр станцияларын жөндеуге 182 млрд теңге қажет – министр

Астана. 20 желтоқсан. 7kun.kz – Бүгінде Қазақстанда 37 жылу электр орталығы жұмыс істеуде. Соның ішінде қызыл аймақта – 19, сары аймақта – 11 және жасыл аймақта – 7 жылу электр станциялары тұр, деп хабарлайды 7kun.kz.

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, жылу электр орталықтарын тәуекел аймақтарға бөлу анықтау кезінде төрт өлшемшарт ескерілді: жабдықтың тозуы, технологиялық ақаулар, пайдалану мерзімі және кадр жетіспеушілігі.

Министр қызыл аймақта орналасқан ЖЭО-лар үшін келесі жылыту маусымында тәуекелдерді барынша азайту мақсатында негізгі жабдықтарды күрделі жөндеу, 98 қазандықты, 54 турбинаны реконструкциялау, жаңғырту жұмыстарының көлемі анықталғанын айтты.

«Бенчмаркинг аясындағы алдын ала есептеулер бойынша жоғарыда аталған жұмыстар 182 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды қажет етеді, іске асыру мерзімі 2023 жыл», – деді ол үкімет отырысында.

Электр және жылу энергиясына бекітілген тарифтерді ескеріп, энергия өндіруші ұйымдарды жөндеу үшін көзделген қаражат 93 миллиард теңгені құрайды.

«Қазіргі таңда бекітілген тарифтер аясында электр және жылу энергиясын сатудан түскен электр станцияларының кірісі толық жөндеу жұмыстарына кеткен шығынды өтей алмайды. Осылайша, жеткіліксіз қаржыландыру көлемі 88 миллиард теңгені құрап отыр», – деді министр.

Коммуналдық және квазимемлекеттік меншіктегі 12 жылу электр орталығы бойынша жоғарыда аталған жұмыстарды іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен, ал 22 жеке жылу электр орталығы бойынша меншік иесінің өз қаражаты есебінен қаржыландыру ұсынылады.

Министрдің айтуынша, ЖЭО-дағы тағы бір проблема – жалақының төмен болуына байланысты кадр жетіспеушілігі.

«Жылу электр орталықтарында жылу энергиясы тарифтері есебінен еңбекақы төлеу қоры жыл сайын 5%-ке өседі. Энергетика министрлігі электр энергиясына шекті тарифті қарау кезінде электр энергиясын өндіруге тартылған персонал үшін жалақының 15% өсуін көздеді», – деді ведомство басшысы.

Похожие материалы