Астана. 18 қыркүйек. 7kun.kz - Астанада өтіп жатқан Жібек жолына мүше мемлекеттердің «Бірлік жолында» халықаралық форумы барысында 7kun.kz тілшісінің сұрағына жауап берген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осындай пікір айтты.
«Біздің форумға қазақстандық және шетелдік туроператорлар тарапынан үлкен сұраныс байқалады. Бұл әріптестік өз кезегінде елімізде туризм саласының дамитындығына сенім ұялатады», - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Министрдің айтуынша туризм саласына сыртқы және ішкі инвестициялар көлемі арта түскен.
«Бүгін нақты сандарды айта алмаймыз. Өйткені ертең-ақ бұл көрсеткіштер өзгеріп шыға келуі мүмкін. Осы жылы Алакөл және өзге де туристік аймақтарымызда адам толы болды. Бұл біз дұрыс бағытта жұмыс жасап жатқанымыздың және мұндай турсаяхаттар келушілердің қызығушылығын тудыратындығының көрсеткіші. Болашақта осы бағытта көп жұмыс жасауға тиіспіз. Себебі Қазақстанға қызығушылық танытатындар көп және біз мұны дұрыс пайдалануымыз керек», - дейді министр.
Сонымен қатар ол, Елбасымыз барлық сапарларында туризімді дамиту туралы жиі айтатынын тілге тиек етті.
«Анкарада екі елдің мемлекет басшыларының арасында болған кездесуде айтылған маңызды мәселелердің бірі туризмді дамыту болды. Туризм барша әлем елдерінің экономиканының дамуына мүмкіндік беріп отырған ірі сала», - деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы.
ҚР Мәдениет және спорт министрі елімізде арнайы сервистік орталықтар құруға бағытталған ірі жоба жүзеге асырылады дейді.
«Бүгінде Қазақстан туризм саласын дамыту жолында тек алғашқы қадамдар жасап жатқандықтан бізге барлық ел территориясын жарақтандыру керек. Бұл ретте қандайда бір сандар туралы айту дұрыс емес. Қазір Щучинск-Бурабай, Алматы аумағында және Шығыс Қазақстанда белсенді жұмыстар жүргізілуде. Елбасымыздың тапсырмасы бойынша жыл соңына дейін туризм туралы заң және мемлекеттік бағдарлама дайындауымыз керек. Міне, сол жерде барлық сандар мен осы бағыттағы іс әрекеттеріміз толық жазылады. Сондай-ақ, туризмді дамыту бағытында мемлекеттік форумдар жиі өткізу керек. Қазақстандағы саяси, экономикалық, ұлтаралық тұрақтылық көпшіліктің қызығушылығын тудырады», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Айта кетейік, Астанада өтіп жатқан Жібек жолына мүше мемлекеттердің «Бірлік жолында» халықаралық форумына Испания, Түркия, Қытай, Ұлыбритания, Германия, Латвия, Румыния, Ресей, Өзбекстан мен Қазақстанның туризм саласы мамандары қатысуда.
Форум аясында қызмет көрсету стандарттары, тиімді маркетинг жүргізу, интернет арқылы қызмет көрсетуді дамыту, өзге елдердің жетістік сыры, халықаралық жолаушылар тасымалы сынды тақырыптар талқыланбақ.