Алматы. 2 мамыр. 7kun.kz — Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын жүзеге асыру аясында жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек 84 287 отбасыға жалпы сомасы 9,4 млрд теңгеге төленді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде жариялады.
2019 жылғы 2 мамырдағы жағдай бойынша «Е-Халық» жүйесі арқылы барлығы 148 649 өтінім (799 032 адам) қабылданды. Оның ішінде 100 566 өтініш бойынша оң шешімдер қабылданды, 41 647-і қаралуда.
Өңірлік бөліністе бірінші орында Түркістан облысы – 30 382 отбасы (180 179 адам). Одан кейін Алматы облысында – 17 698 (93 399 адам) және Шымкент қаласында - 17 275 отбасы (88 478 адам) тіркелді.
Бұдан басқа, 48 380 (269 330 адам) АӘК алушыларға бұрын тағайындалған сомаларға автоматты режимде қайта есептеу жүргізілді.
Айта кетейік, 2019 жылы атаулы әлеуметтік көмекке барлығы 130 млрд. теңгеден астам қаражат көзделген. Ал жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуға құжаттар 1 сәуірден бастап қабылданып жатыр. Өтініштерді Жұмыспен қамту орталықтарына және ауылдық әкімдіктерге өткізуге болады.
Еске сала кетейік, елбасының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда осы жылдың 1 сәуірінен бастап АӘК көрсету мөлшері күнкөріс деңгейінің 50%-нан 70%-ға дейін көтеріліп, 20 789 теңгені құрады. Нәтижесінде жәрдемақы алушылар саны 571,6 мың адамнан 830 мың адамға дейін өсті. Бұл ретте, егер АӘК-тің орташа мөлшері отбасының әрбір мүшесіне бұрын 4 834 теңгені құраған болса, енді әр балаға 20 789 тг төленеді.