Алматы. 17 шілде. 7kun.kz – 2019 жылдың І жартыжылдығында Қазақстанда ақылы автожолдардан 2 млрд теңге жиналды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
Нұр-Сұлтан – Щучинск жолынан – 706 млн теңге жиналды. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл учаскеден 667 млн теңге алынған.
2019 жылғы 26 қаңтар мен 30 шілде аралығында Нұр-Сұлтан – Теміртау тас жолында қазақстандықтар 640 млн теңге, ал осы кезеңде Алматы – Қапшағай учаскесінде 328 млн теңге төледі. Сондай–ақ, есепті кезеңде Алматы–Қорғас тас жолынан 314 млн теңге жиналды.
Бұл ретте, ақылы учаскелерде құны 1 мың теңге болатын бір жыл мерзімге 27 мыңнан астам абоненттік төлем рәсімделді.
Ведомствоның хабарлауынша, жыл соңына дейін жалпы еліміз бойынша республикалық және облыстық маңызы бар 503 км автожол пайдалануға беріледі.