Алматы. 24 желтоқсан. 7kun.kz – Күн сайын Қазақстан халқы цифрлық банкинг арқылы 8 млрд теңге сомасына шамамен 500 мың транзакция жүргізеді, - деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Жанат Құрманов «Astana Hub» Халықаралық IT-стартаптар технологиялық паркі алаңында сөйлеген сөзі барысында хабарлады.
«Бүгінде қаржы транзакцияларының негізгі бөлігі Интернет- және мобильдік банкинг арқылы жүргізіледі. Қазақстанның қаржы ұйымдары жеткілікті түрде цифрлық шешімдерді белсенді қолданады және жаңа технологияларды енгізуде тұрақты жұмыс істейді», - деп түсіндірді Ж. Құрманов.
Қазақстан Ұлттық Банкінің деректері бойынша, бизнес субъектілерінің қаржылық операцияларының 70%-ы қашықтықтан көрсетілетін сервис арқылы жүргізіледі. Интернет/мобильдік банкинг арқылы жүргізілген төлемдер көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы 3 есе ұлғайды.
«Astana Hub» форумы шеңберінде қаржы секторын цифрландыру мәселелері, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкінің қызметін автоматтандырудың ағымдағы міндеттері талқыланды. Төрағаның орынбасары Ж. Құрманов сөйлеген сөзінде Ұлттық Банктің ақпараттық жүйелерін жетілдіру, атап айтқанда, Ұлттық Банктің Интернет-ресурсының жаңа нұсқасын, деректерді басқару жүйесін, сондай-ақ модельдеу және дамыған талдама жүйесін құру жөніндегі алдағы жобалар туралы хабарлады.
Аталған жобаларды іске асыруда IT-қоғамдастықтың өкілдері мен компаниялар конкурстық негізде қатыса алатынын атап өтеміз. Жүргізілетін сатып алулар туралы ақпарат Қазақстан Ұлттық Банкінің Интернет-ресурсына (www.nationalbank.kz) орналастырылады.