Алматы. 4 шілде. 7kun.kz – Сенаттың пленарлық отырысында тұтынушылық несиелер бойынша қазақстандықтардың борышы мәселесін депутат Ольга Перепечина көтерді.
Оның айтуынша, бүгінде барлық тұтынушылық несие бойынша жалпы қарыз 4 триллион теңгеден асады. Қазақстан халқының 27%-дан астамы, елдің экономикалық белсенді халқының 55%-дан астамы борышкерлер болып табылады.
«Яғни, жұмыс істейтін әрбір он адамның алтауының автонесие, бизнес-кредиттер және т.б. сияқты қарыздардың басқа түрлері бойынша берешектерді есептемегенде, тұтынушылық несие бойынша қарыздары бар», - деді депутат.
Сонымен қатар, оның бағалауы бойынша, бүгінгі күні «біз жүйелік проблемалардың, оның ішінде тұтынушылық несиелік жүйенің салдарын жабудамыз».
Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың кейбір қазақстандықтар үшін несие жүктемесін төмендету туралы Жарлығы туралы болып отыр. Оған осы жылдың 26 маусымында қол қойылды.
Президент 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша кредиттік рақымшылық тек 3 млн теңгеден аспайтын қарыздарға қатысты болады деп атап өтті. Сондай-ақ 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша негізгі борыш пен ол бойынша есептелген сыйақыдан тұратын өтелетін берешектің мөлшері бір қарыз алушыға 300 мың теңгеден аспауы тиіс.