
Алматы. 27 желтоқсан. 7kun.kz – 2018 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша қазақстандықтардың орташа табысы 160,4 мың теңге болды. Бұл өткен жылмен (146,2 мың теңге) салыстырғанда 10% көп, - деп хабарлайды Finprom.kz.
Мамандардың сөзіне қарағанда, тұрғындардың сатып алу қабілеті артқан. Сондай-ақ, қазақстандықтардың тұтыну шығыны 6,1% көбейгені айтылады.
Зерттеуге сүйенсек, Алматы тұрғындарының табысы өте жоғары: орташа есеппен 226 мың теңге (5,5% өскен). Табысы жоғары өңірлердің үштігіне Астана (217,7 мың теңге ) мен Маңғыстау облысы (193,5 мың теңге) кірді.
Бұдан бөлек, сарапшылардың айтуынша, Атырау мен Қызылорда облысы тұрғындарының табысы артқан - 14,4% және 14,3%.
Ал, табысы ең төмен өңірлердің тізімінде Түркістан облысы (100,4 мың тенге), Жамбыл (114,4 мың теңге) және Қызылорда облыстары (125,9 мың теңге) бар. Қазақстанда орташа жалақы 164 мың теңгеден асты.