Алматы. 24 тамыз. 7kun.kz – Қазақстанның халықаралық қорлары азайып келеді, деп хабарлайды Finprom.kz.
Finprom.kz-тің есебінше, еліміздің халықаралық қорлары өткен жылмен салыстырғанда 6,2%-ға қысқарған. 2018 жылы шілденің соңында қорлардың көлемі 30,9 млрд АҚШ долларына тең болды. Ал, 2017 жылғы көрсеткіш – 32,9 млрд доллар.
Қорлардың азаюына активтердің еркін айналымдағы валюта құнының 15,9%-ға, яғни 21,5 млрд доллардан 18,1 млрд долларға төмендеуі әсер еткен.
Дегенмен, алтын қорларының құны 11,9%-ға көбейіп, 12,8 млрд долларды құрады. 1 жыл бұрын көрсеткіш 11,4 млрд доллар еді.
Шілденің соңында таза алтын-валюта резервтері 30,4 млрд долларды құрады. Бұл – жалпы халықаралық резервтердің 98,4%-ы.
Ұлттық қордың активтері де азайып келеді. Жалпы, бұл тенденция 2015 жылы басталған болатын. 2018 жылдың шілде айында Ұлттық қордың активтері 56,8 млрд долларға тең болды.
1 жылда Ұлттық қордың шетел валютасындағы қаржысы 2,8%-ға немесе 1,6 млрд долларға қысқарды.
Осылайша, Қазақстанның Ұлттық қордың активтерін қоса есепгендегі халықаралық резервтерінің жалпы көлемі 87,7 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 4%-ға кем. Өткен жылы көрсеткіш 91,3 млрд АҚШ долларына тең болды.
Алтын-валюта резервтері Ұлттық қордың активтерін қоса есептегенде соңғы 5 жылда 2,4%-ға (2,1 млрд АҚШ долларына) қысқарды.