Қарағанды. 5 қазан. 7kun.kz – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұртшылығымен кездесу барысында Қазақстанның көк түсті паспорты ұлттық бірегейлігіміздің символы болуы керек екенін айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
«Қазақстан Республикасының көк паспорты біздің ұлттық бірегейлігіміздің қарапайым, бірақ басты көрсеткіші болуы керек екеніне сенімдімін. Бұл құжат – біздің мемлекеттілігіміздің тірегіне айналған озық қағидаттардың нышаны. Қазақстан Республикасы азаматының паспорты іргелі құндылықтарды білдіреді. Соның арқасында біздің еліміз бүкіл әлемге этносаралық және дінаралық толеранттылықтың жарқын үлгісі ретінде танымал болды. Қазақстан паспорты – әділдіктің және ұлттың болашаққа ұмтылысының символы», – деді Тоқаев.
Президент көк паспортты бүкіл әлем танитынын және құрметтейтінін атап өтті.
«Шет мемлекеттердің визаларын беруді қоса алғанда шетелде қазақстандық паспортқа қатысты қандай да бір шектеулер жоқ. Бұл – Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған еліміздің теңгерімді әрі жауапты сыртқы саяси бағдары мен ішкі саясатының тікелей нәтижесі», – деді президент.