Алматы. 28 желтоқсан. 7kun.kz – «ҚазТрансГаз» АҚ ұлттық операторының еншілес компаниясы - ҚазТрансГаз Аймақ 2013 жылы шығарылған өзінің 5 жылдық облигациялары бойынша 12 млрд 409 млн теңге сомасына 7,5% купондық ставкамен бірінші облигациялық бағдарлама шегінде міндеттемелерін толық өтеді.
Өтеу соңғы купондық сыйақыны төлеумен бір мезгілде номиналды құны бойынша жүргізілді. Төлемнің жалпы сомасы 12 млрд 853 млн теңгені құрады, оның ішінде 12 млрд 388 млн теңге – номиналды құны бойынша облигацияларды өтеу, 464,5 млн теңге – купондық сыйақы.
Облигацияларды орналастырудан алынған қаражат есебінен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының газбен жабдықтау желілерін газдандыру, жаңғырту және қайта жаңарту жөніндегі жобалар іске асырылды.
Шығарылымның толық жоспарлы өтелуі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның меншікті қаражаты есебінен жүргізілді.
Облигациялық қарызды уақтылы өтеу компанияның қаржылық тұрақтылығын, сондай-ақ қарыз алу мен борышқа қызмет көрсетудің тиімді саясатын көрсетеді.