ҚДКБҚ «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларына төлемнің басталу күні мен тәртібі туралы хабарлайды
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларына кепілдік берілген өтем 3 шілдеден бастап, 2022 жылдың 3 шілдесіне дейінгі аралықта төленетінін хабарлайды. Агент банк ретінде «Еуразиялық банк» АҚ таңдап алынды.
«Capital Bank Kazakhstan» АҚ депозиттерінде, ағымдағы шоттарында және төлем карточкаларында ақшалары бар жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер кепілдік берілген өтемді алуға құқылы. Кепілдік берілген өтемді төлеуге өтініштер қабылдау және өтем төлеу операциялары агент банктің бөлімшелерінде жүргізіледі.
«Capital Bank Kazakhstan» АҚ филиалдарының тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында орналасқандығына қарамастан, салымшыларға ыңғайлы болуы үшін агент банк өтініштерді Қазақстанның басқа да елдімекендерінде қабылдайтын болады.
Назар аударыңыздар, 2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша эпидемиялогиялық ахуалға сәйкес Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары «қызыл» аймаққа енгізілді. Сондықтан агент банктің осы қалалардағы бөлімшелері алдағы демалыс (мереке) күндері жұмыс істемеуі мүмкін. Бұл ретте салымшылар өтем алу үшін басқа кез келген күндері өтініш бере алады.
Өтемді алу үшін салымшы өтініш толтырып, жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуі қажет. Егер салымшының орнына басқа тұлға өтініш беретін болса, онда құқық белгілеуші құжаттар ұсынылады. Мысалы, нотариус куәландырған мұрагерлік құқығы туралы куәлік немесе сенімхат. Кепілдік берілген өтем салымшыға оның құжаттары агент банкке келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде төленеді.
Салымшылар кепілдік берілген өтемді өздеріне ыңғайлы тәсілмен: агент банктің кассасынан қолма-қол ақшамен, сол агент банкте банк шотын (карточка) ашу немесе кез келген басқа банкке аудару арқылы алуға құқылы. Бұл ретте агент банк төлем алуға өтінішті бөлімшеге келмей-ақ, www.eubank.kz сайтында онлайн түрінде беруге кеңес береді. Кепілдік берілген өтемді төлеу жөніндегі өтініш бланкісін тікелей агент банктен алуға немесе ҚДКБҚ сайтынан (www.kdif.kz) электронды нұсқасын жүктеп алып, алдын ала толтыруға болады.
Еске саламыз, кепілдік берілген өтем банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақыны ескере отырып, «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларының депозиттеріндегі қалдық сома шегінде төленеді. Бұл ретте кепілдік сома:
- теңгедегі жинақ депозиттер бойынша – 15 млн теңгеден;
- теңгедегі басқа депозиттер бойынша – 10 млн теңгеден;
- шетел валютасындағы депозиттер бойынша – валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды.