
Алматы. 3 ақпан. 7kun.kz — Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қарағанды мен Таразда деструктивті діни ағымның 5 ұстанушысын ұстады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
"ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2020 жылғы 27 қаңтарда Қарағанды және Тараз қалаларында терроризм күдігімен деструктивті діни ағымның 5 ұстанушысын ұстап, сот санкциясымен 2 ай мерзімге қамауға алды », - делінген хабарламада.
Аталған адамдарға террористік топ құру, оған басшылық жасау және оның қызметіне қатысу (ҚК 257-бабы), сондай-ақ терроризмді насихаттау (ҚК 256-бабы) фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Тергеу болжамы бойынша, топ республика аумағында, соның ішінде адамдар көп жиналатын жерлерде террористік актілер жасау үшін құрылған.
Орган тергеу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.