Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылған сарбаздардың суицидке бейімділігімен күреседі
Нұр-Сұлтан. 21 маусым. 7kun.kz – Бейбіт уақытта әскер қатарына шақырылғандардың қазасынан кейін Қорғаныс министрлігі әскери қызметтің беделін көтеру үшін арнайы жұмыстар істейді, деп хабарлайды 7kun.kz.
Қазақстанда әскерге шақырылған жас сарбаздардың қайғылы қазасынан кейін, ондағы «орны толмас шығындарды» болдырмау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Бұған президент жіті назар аударуды талап еткен болатын. Жұмыс тобына сарбаздардың өлімі мен жарақатының себептерін анықтайтын қоғам мүшелері де тартылады. Басты мақсат – Қарулы Күштер қатарында мұндай жағдайларды жою.
«Біздің барлық жауынгерлік және күнделікті іс-шараларымыз әскерге шақырылғандардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған. Әскери қызметшілер арасында құқықтық тәртіпті, әскери тәртіпті сақтауға және орны толмас шығындардың алдын алуға бағытталған шаралар жүйесі әзірленді. Барлық деңгейде психологиялық қызмет жүйесі құрылды, ол күшейтілетін болады. Тұрақты негізде сарбаздармен жеке тәрбие жұмыстары жүргізіліп, оқу-жаттығулар, сауалнамалар, әңгімелер, жағдайды түзеу жұмыстары жүргізілуде», – деді Бас штаб бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы, генерал-майор Серік Бұрамбаев.
Биыл әскер қатарына шақырылған сарбаздардың қаза болуының бірнеше жағдайы орын алды: екеуі қаңтар оқиғасында, біреуі Отарда (Әлібек Қалбай) және Маңғыстаудағы әскери бөлімде өз-өзіне қол жұмсады деген Еділ Тешебаев қатысты жағдайлар.
Әскери қызметтің беделін арттыру үшін Қорғаныс министрлігі ұсыныстар пакетін әзірледі. Мәселен, әскери борышын өтеп жүрген азаматтың несиесі болса, оның төлемі кейінге қалдырылады. Сондай-ақ, студенттер оқуынан үзіліс алу үшін академиялық демалыс алмай-ақ, әскерде қашықтан оқуын жалғастыруға жағдай жасау. Тағы бір ұсныныс – әскери қызмет өткергені туралы оң анықтама білім грантын алуға көмектеседі.