Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Ақпарат және коммуникация министрі балалар лагеріндегі атыс туралы пікір білдірді

Ақпарат және коммуникация министрі балалар лагеріндегі атыс туралы пікір білдірді
ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев Ақтөбедегі балалар лагері маңындағы атыс болғаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді. «Бірінші. Бүгін таңертең Ақтөбенің аудандарының бірінің тұрғыны полицияға атысқа ұқсайтын дыбыс естігені туралы хабар берген. Әрине, еліміздің тұрғындары әсіресе ақтөбеліктер жоғары сақтық шараларын қабылдаған және құқық қорғау органдарына көмектесуде. Контртеррористік операция жағдайында азаматтардан түскен кез-келген ақпаратқа құқық қорғау органдары жедел әрекетпен жауап береді. Сонымен қатар әрбір ақпарат жедел түрде мемлекет басшысына хабарланады. (Балалар лагеріндегі атыс туралы ақпарат-ред) Тура осы кезде камераға жазылған және Мемлекет басшысының ҰҚҚ төрағасын қабылдағаны туралы сюжетке қосылған. Екінші. Дәл осы уақыт аралығында жедел әрекет ету тобы оқиға орнына барып, атыстың болмағанын анықтаған. Бұл бұзылған көліктен шыққан дыбыс болған. Тура осындай атыстың болуы туралы хабар Павлодар станциясындағы вокзал маңында петарданың дыбысынан кейін келіп түскен. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі жедел түрде журналистерге хабарлады. Екі ақпараттық оқиғаның арасы 40 минуттай болды. Бұл фактінің ақ-қарасын анықтауға жеткілікті уақыт па? Сондықтан тағы да журналист-әріптестерімді мемлекеттік органдардан түсетін ақпаратты қабылдап және фактілерді жариялауда мұқият болуын сұраймын. Қателіктерді ешкімнің жібермейтініне кепілдік жоқтығын түсінемін. Біз өз тарапымыздан БАҚ өкілдеріне қажетті ақпаратты халыққа жеткізу үшін барлық көмек көрсетуді жалғастырамыз. Қазақстан азаматтарын да сақтық танытқандары үшін және құқық қорғау органдарына көмектері үшін алғыс айтамын. Түсіністік үшін рахмет», деп жазды ол Facebook парақшасына. Еске салайық, бүгін таңертең ҰҚҚ төрағасы В.Жұмақановтың Мемлекет басшысының қабылдауында болғаны туралы видео жарияланған еді. Ол жерде ҰҚҚ төрағасы таңғы 8.06-да «Лада» автокөлігіннен Ақтөбедегі балалар лагерінің күзетшілеріне оқ атылғаны туралы айтқан. Ақорданың  Facebook  парақшасына жарияланған видео БАҚ-да бірден тарап, ІІМ артынан бұл ақпаратты жоққа шығарған еді. Артынша видео парақшадан өшірілген. Бұл мәселе әлеуметтік желіде кең талқыланып, қолданушылар екі ведомства өзара байланыс жоқ па деген таңқалған болатын. Дәурен Абаев жоғарыдағы жазбасында осы мәселеге қатысты түсінік берген.

Похожие материалы