ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова және кәсіби фармацевтикалық қауымдастықтарының басшылары дәрілік және медициналық мақсаттағы заттардың 105 түрінің бағасын ұстап тұру бойынша Меморандумға қол қойды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Жоғарыда көрсетілген құжатқа Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурманова, «Қазақстанның ФармМедИндустриясы» қауымдастығының президенті Серік Сұлтанов, «Қазақстан Республикасы Халықаралық фармацевтикалық өндірушілері» қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин, «Қазақстан Республикасы Фармацевтикалық өнім дистрибьюторлары» қауымдастығының атқарушы директоры Наталья Гунько қол қойды.
Меморандумға қол қою мақсаты халықтың әлеуметтік қауқарсыз топтарын қолдау болып табылады. Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың отандық және халықаралық өндірушілері, дистрибьюторлар және бөлшек сауданың өкілдері бағаны ұстап тұру туралы әлеуметтік жауапкершілікті өздеріне алып, жиі қолданылатын дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың 105 атауының бағаларын бекітті. Меморандум 2016 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады.
Тізімге қабынуға қарсы, ауырсынуды басатын препараттар, жүрек, асқазан ауруларына қарсы, сонымен бірге антигистаминді, гипотензивті дәрілер, көз және құлақ тамшылары, дәрумендер және т.б. дәрі-дәрмек түрлері кіреді.