«Бюджет тапшылығы көлемі 723,4 млрд теңгеден 902,7 млрд теңгеге дейін немесе ЖІӨ-нің 1,6%-ынан 2,0%-ға дейін артуы болжануда. Аталған тапшылықтың артуы оны қаржыландыруға қосымша қарыздар тартуды талап етпейді», - деді министр.
Оның айтуынша Ұлттық қордан мақсатты трансферттерден қаржыландырылатын шығындарды және бағам айырмашылығын жабуға қосымша шығындардың есебінен республикалық бюджет шығындарына 2016 жылы 8,2 трлн теңге болжанып отыр.
Сондай-ақ, ведомствоның мәліметінше, болжанған ЖІӨ өсімін есепке ала отырып, республикалық бюджеттік кірістері (трансфертті есепке алмағанда) 2016 жылы 3 365,3 млрд теңгеге болжанады. Бұл бұрын бекітілген бюджетпен салыстырғанда 300 млрд теңгеге аз.
Салық бойынша түсімдердің төмендеуі негізінен халықаралық сауда мен сыртқы операциялар бойынша күтіледі. Оның ішінде мұнайға қатысты түсімнің азаюы 1 наурыздан бастап еркін шәкілге көшуді есептей отырып, 206,5 млрд теңгеге болжанды.
ҰЭМ мәлімдемесіне сәйкес 2016 жылға республикалық бюджет түсімдерінде Ұлттық қорды басқару жөніндегі Кеңестің шешіміне сәйкес Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер көлемдері ескерілген, оның ішінде:
- кепілдендірілген трансферт сомасы 2 880,0 млрд теңге (бір долларға 360 теңге бағамы кезінде 15%-ға арттырусыз 8 млрд доллар);
- мақсатты трансферт 807,5 млрд теңге шамасында қарастырылады, оның ішінде 240,5 млрд теңгесі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тұрғын үй құрылысын ынталандыру, «Нұрлы жол» бағдарламасының инфрақұрылымдық жобаларын жеделдету шараларына бағытталады.