Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Отырыста құрылыс саласын дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды 7kun.kz.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қ. Өскенбаев биыл Қазақстанда 15,1 млн шаршы метр тұрғын үйдің салынуы күтіліп отырғанын айтты. Тұрғын үй жобаларын және жеңілдетілген несие беруді іске асыруға 492 млрд теңге, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға 1,4 трлн теңге бағытталады.
Сондай-ақ, құрылыс материалдарының бағасының тұрақтануы байқалады, әсіресе, арматураның бағасы 3%-ға, газ блогының бағасы 3%-ға, шынының бағасы 17,6%-ға төмендеді.
Бизнес қоғамдастықпен бірлесіп мемлекеттік сатып алу және коммерциялық тұрғын үйді дамыту бойынша жедел және жүйелі шаралар пысықталуда.
Негізінен құрылыс процестерін әкімшілендіру тетігін қарауға (құрылысқа рұқсат беру, сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру және эскиздік жобаны келісу) және басқа да өзекті мәселелерге назар аударылды.