Алматы. 11 қыркүйек. 7kun.kz – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде Қазақстан-Қытай өндірістерін іске асыру туралы мәлімет берді.
Ақпаратқа сәйкес, ведомство 6,4 трлн теңгеге 27 жоба бекіткен. 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта Қостанай, Түркістан, Қызылорда, Алматы облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Шымкентте сегіз жаңа өндіріс пайдалануға берілді.
Атап айтқанда, Қостанай облысында "JAC"маркалы автокөліктерді шығару жолға қойылды. Жобаның қуаты жылына 1,5-3 мың авто және жүк көліктерін, сондай-ақ жылына S3 моделінің 10 мың жеңіл машиналарын құрайды.
Сонымен қатар, Қытайдың COSCO инвесторы Алматы облысындағы "Қорғас Шығыс қақпасы" АЭА Құрғақ портының үлесін сатып алды.
Түркістан облысында ПЭТ қалдықтарды қайта өңдеу және штапельді талшықтарды шығару өндірісі ұйымдастырылған. Жобаның қуаттылығы жылына 50 мың тоннаны құрайды.
Қытай компаниялары СМС және China Glass Int. Қостанай облысындағы AllurGroup және Қызылорда облысындағы Orda Glass капиталына кірді.
Сонымен қатар, қытайлық инвесторлар Шымкентте "Әмір-А" металлургиялық зауытының құрылысына және Қызылорда облысында "DANAKE" корпорациясының цемент өнімдерін өндіруге қаржы бөлді.
Тағы бір жоба - Қостанай облысында "Агромашхолдинг KZ" базасындағы LOVOL тракторларын өндіруді ұйымдастыру.
Министрлік 2025 жылға дейін тағы 19 жаңа өндірісті іске қосуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Атап айтқанда, келесі жылы Ақтөбе, Қызылорда және Жамбыл облыстарында үш жобаны іске қоспақ.
2021 жылы Атырау, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында төрт өндіріс пайдалануға беріледі. 2022 жылы Қарағанды және Алматы облыстарында үш жоба іске қосылады.
Бұдан басқа, 2023 жылы Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Павлодар және Алматы облыстарында алты өндіріс іске қосылады. Ал 2024 жылы бір жобаны, ал 2025 жылы - екі жобаны Алматы және Павлодар облыстарында пайдалануға беру жоспарлануда.
Дайын өнім Қытай мен ТМД елдеріне жеткізіледі.