Алматы. 5 қыркүйек. 7kun.kz – Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек Қытайдың ескі кәсіпорындары Қазақстанға ауыстырылмайтынын айтты.
«Бүгінгі таңда бізде индустрияландыру аясында жүзеге асырылатын 55 бірлескен қазақстан-қытай жобасы бар. Бұл зауыттар «лас», бұл ескі жобалар Қазақстанға өткізіліп жатыр деген шағымдар айтылып жатыр. Қазақстан аумағына бірде-бір ескі немесе көшірілген зауыт жоқ деп ресми түрде мәлімдегім келеді. Бұл жобалардың барлығы жаңа болып табылады», - деді Жеңіс Қасымбек Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Ол жақында Қапшағай ауданында күн электр станциясы ашылғанын, онда 30 адам жұмыс істейтіні, барлығы Қазақстанның азаматтары екенін еске салды.
«Толығымен жаңа өндіріс, баламалы энергетика. Біз соған көшеміз. Бүгін Қазақстанда жел мен күннің әсерінен жыл соңына дейін 1000 мегаватт өндірілетін болады. Бұл жаһандық тренд. Әр кәсіпорын үшін мен толық ақпарат бере аламын. Бұл ақпарат желілерде, ИИДМ сайтында, кемінде екі жыл бұрын жарияланған. Мұнда ешқандай құпия жоқ. Тағы бір рет атап өткім келеді - бұл жаңа технологиялар, бір елдің аумағынан екінші елге ауыстырылатын «лас» немесе ескі кәсіпорындар жоқ. Барлық кәсіпорындар жаңа», - деді ол.
Ол іске қосылғаннан кейін осы кәсіпорындарда 20 мың жаңа жұмыс орны ашылатынын айтты. «Бұл жұмыс орындарының 95%-ы қазақстандықтар үшін болады», - деді Жеңіс Қасымбек.
Жалпы алғанда, 15 қазақстан-қытай жобасы іске асырылды, жыл соңына дейін тағы 5 жоба іске қосылады. «Соңғы жылы қытай инвестициясының үлесі 5-6% деңгейде қалды, өзгерген жоқ», - деп нақтылады ол.
Естеріңізге сала кетейік, 2 қыркүйекте Жаңаөзен әкімдігі ғимаратының алдында Қазақстандағы Қытай зауыттарын салуға тыйым салу туралы талап қойылған жүзге жуық адам жиналды. Кейінірек осындай акциялар Алматы, Ақтау және Нұр-Сұлтан қалаларында өтті.