Қызылорда облысы. 9 қараша. 7kun.kz – Қызылорда және Арал қалаларында ұйымдасқан қылмыстық топтың 32 қатысушысы ұсталды. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.
«Ұзақ уақыт жедел зерделеуден кейін 2022 жылғы 18 қазанда Қызылорда және Арал қалаларында «А» арнайы мақсаттағы қызметті жұмылдырумен және прокуратураның қатысуымен іске асырылған арнайы операция барысында өңірлік ұйымдасқан қылмыстық топтың 32 қатысушысы ұсталды.
Топтың әр мүшесінің өзіне жүктелген міндетіне қарай нақты құрылымы қалыптасқан. Қажетті шешімдерді тұрақты түрде өткізіліп тұратын «жиналыстарда» қабылдап тұрған», – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, ұсталғандардың қатарында трансұлттық қылмыстық ұйымдардың топ басшыларына бағынышты және солардың атынан әрекет етіп, Қызылорда облысының қылмыстық иерархиясында белгілі бір дәрежеге ие болғандар бар.
«Олардың тұрғылықты мекен-жайлары бойынша қарудың бірнеше түрі, «ұрылар кассасының» сметасы, есірткі заттары, сонымен қатар тергеу үшін қызығушылық тудыратын өзге де заттар мен құжаттар алынды. Қолға түскендер қылмыстық топ құру, басқару және қаражаттандыру, бопсалау сынды ауыр қылмыстар жасады деген күдікке ілінген», – делінген хабарламада.
Трансұлттық қылмыстан төнетін қауіпті бейтараптандыру бойынша іс-шаралар жалғасып жатқаны атап өтілді.