Қызылорда. 26 тамыз. 7kun.kz – Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кәріз құдығына түсіп кеткен 2 жасар сәбиді құтқарған Арман Аманжоловқа пәтер кілтін табыстады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аймақ басшысы 15 жастағы ер балаға сыйды демеушілердің көмегімен облыстық тамыз педагогикалық кеңесінде салтанатты түрде табыстады.
«Қарапайым ауыл баласының бұл ерлігі өзі сияқты балаларға үлгі болсын, елімізде мұндай азаматтар көп болсын. Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін алғыс айтамыз. Сіз нағыз батырсыз!» – деді Нұрлыбек Нәлібаев пәтер кілтін табыстап.
Айта кетейік, өткен аптада қаладағы «Универсам» шағын ауданында оқыс оқиға орын алып, екі жарым жастағы сәби ашық тұрған кәріз құдығына түсіп кеткен. Аралдан қалаға оқуға келген 15 жастағы Арман Аманжолов оқиға орнынан табылып, баланы құдықтан алып шыққан еді.
Арманның таңдаған мамандығы – электрик. Ол көпбалалы отбасындағы үйінің кенжесі.