Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Әрбір тиын санаулы: вице-министр грант алушылармен кездесті

Әрбір тиын санаулы: вице-министр грант алушылармен кездесті

Нұр-Сұлтан. 28 мамыр. 7kun.kz – Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекованың төрағалығымен грант алушылармен кездесу жиыны өтті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. 

«2019 жылы министрлікпен үкіметтік емес ұйымдарды қолдау мақсатында гранттық қаржыландыру аясында 125 жобаны іске асыруға 3,4 млрд. теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Жобалардың бір бөлігі жүзеге асырылып жатыр, 54 жоба бойынша грант алушылар анықталды, келісім-шарт жасауға құжаттар дайындалуда», - деді Жұлдыз Омарбекова.

Жиналыс барысында вице-министр қойылған міндеттерді сапалы жүзеге асыру және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу қажеттігін атап өтті.

«Әр қазақстандық сіздердің жобаларыңыздың әсерін сезуі керек. Министрлік тапсырыс беруші ретінде барлық құжаттарға, техникалық сипаттамаларға, бағалау және жоспарлы жұмыс кестелеріне толық талдау жүргізетін болады. Жақында ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сыбайлас жемқорлықты жою және бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру бойынша нақты шараларды атап өтті. Осыған байланысты, сіз бен біздің міндетіміз – қоғамда кез келген сыбайлас жемқорлық әрекеттерге «нөлдік төзбеушілікті» қалыптастыру. Біз максималды ашықтыққа ұмтыламыз. Осы жылдан бастап біз қоғамдық игілікке қаржылық және шығармашылық есептерді жариялауға міндетті талаптарды енгіздік. Әрбір тиын санаулы. Егер Сіз 15 қалам сатып алынды десеңіз, барлық сәйкес чектер ұсынылуы қажет», - деді вице-министр.

Жұлдыз Омарбекова гранттық қаражаттың жұмсалуын ҮЕҰ өздері де, ел азаматтары да қадағалай алатынын атап өтті. Осылайша, грант алушылардың және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының сайттарында жобаларды іске асыру бойынша барлық есептер жарияланатын болады.

Сонымен қатар, Ж.Омарбекованың айтуынша, грант алушылар БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы өткізілетін іс-шаралар туралы халықты тұрақты түрде хабардар етуі тиіс.

Вице-министр Жастар жылы аясындағы іс-шараларға тоқталып өтті. «Түрлі бағыттар бойынша 49 жобаны жүзеге асыру қарастырылған. Бұл білім, жұмыспен қамту, жастар кәсіпкерлігі, бос уақыт, отбасы институтын нығайту, дарынды жастарды қолдау және тағы басқалар. Осы мақсаттарға 2,8 млрд.теңге бөлінді. Мысалы, соттар жанынан 8 өңірде (Жоғарғы Сотпен бірлесіп) «Бақытты отбасы» отбасын ресурстық қолдау орталықтарының қызметі ұйымдастырылады, бірыңғай call-орталық құру арқылы «Құқық қорғаушы» кешенді жобасы іске асырылады. Алғаш рет «Қазақстандық отбасылар - 2019» Ұлттық баяндамасы әзірленеді», - деп атап өтті Ж.Омарбекова.

ҮЕҰ гранттық қаржыландыру саласындағы оператор – «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ болып табылады.

 «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Батима Мукина жиналысқа қатысушыларды гранттық жобаларды іске асыру тетіктері, бюджет қаражатын тиімді пайдалану шаралары туралы хабардар етті.

Похожие материалы