24 ақпаннан бері қазақстандық банктерде жеке тұлғалар – Ресей мен Беларусь резиденттері үшін 11 940 шот ашылды. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оның ішінде қазақстандық банкте өтініш берушінің немесе уәкілетті өкілдің жеке қатысуымен 10 725 шот және қашықтан 1 215 шот ашылды.
Бұл мемлекеттердің Қазақстандағы банк шоттары бар азаматтарының жалпы саны 162 мыңға жетті.
«Ресей Федерациясының резидент – заңды тұлғаларының жаңа шоттарының саны жыл басынан бері аздап өскен. Ағымдағы жылғы ақпанның соңынан бері банк шоттары 7 Ресей компаниясына ашылған, Қазақстан банктерінде шоттары бар Ресей ұйымдарының жалпы саны 805-ке жетті», – делінген агенттік хабарламасында.
Қазіргі уақытта барлық шетелдік азаматтар мен компаниялар үшін банк шоттарын ашу және жүргізу тәртібі қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң нормаларымен, сондай-ақ Ұлттық Банк пен Агенттіктің реттеушілік талаптарымен реттелген.
Осылайша, Ұлттық банктің талаптарына сәйкес шотты офлайн және онлайн режимінде де ашуға болады.
Банк шотын ашқанға дейін жүгіну тәсіліне қарамастан, банктер шетелдік өтініш берушіге КЖТҚҚ туралы заңда белгіленген KYC (Know Your Customer) стандарттары бойынша тиісінше тексеру жүргізуге міндетті.
Тиісті тексеру шеңберінде банктер:
- шетелдік жеке тұлғаны, заңды тұлғаны және оның бенефициарлық меншік иелерін идентификаттауды, оның ішінде алынған идентификаттау деректерінің дұрыстығын тексеруді;
- іскерлік қатынастардың болжамды мақсаты мен сипатын белгілеуді жүргізеді.