Алматы. 25 маусым. 7kun.kz – Ресейлік операторлар Қазақстанның телеарналарын көрсетеді. Бұл туралы халықпен есептік кездесуінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлім етті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір ақпарат саласы бойынша біздің министрлік тиісті заңды жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қажетті түзетулер енгізу де жоспарымызда бар. Атап айтар болсам, бұқаралық ақпарат құралдарында кейбір өнімдерін жарнамалауға тыйым салуды тоқтату, мемлекеттік тапсырысты аймақ деңгейіндегі мемлекеттік сатып алу жүйесінен шығару, бұқаралық ақпарат құралдарын салықтан босату, «сұр тарелкалардың» таралуына шектеу қою шаралары», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, БАҚ саласын жаңғырту мен сапалы телевизиялық контент қалыптастыру жұмыстары да бір сәтке тоқтаған жоқ. Бұл жұмыс жалғаса береді.
«Мысалы, «Тамаша ТВ» деп аталатын бірінші әзіл-сықақ бағытындағы телеарна өз бағдарламаларын көрермен назарына ұсына бастады. «EL ARNA» киноканалы да дамып келе жатыр. Олар биыл хабар таратудың жаңа сатысына көтерілді. Ендігіде бұл телеарна арқылы тек қана отандық фильмдерді емес, театр сахнасындағы үздік қойылымдарды да тамашалауға мүмкіндік пайда болады. Тағы бір тоқтала кететін жағымды жаңалық қазақстандық телевизия мен баспасөз құралдары көрші елдерде көрсетіле бастады. Бұл өзге мемлекеттерде тұратын қандастарымыз үшін қолға алынған шара. Көптеген жылдар бойы жүргізілген келіссөздердің нәтежиесінде Хабар-24 пен Қазақ-ТВ арналарын Ресей Федерациясында тіркеуге қол жеткіздік. Ресейлік спутниктік және кабельдік операторларымен де келіссөздер жақсы деңгейге көтерілді. Олар алдағы уақытта өз «пакеттеріне», яғни өздерінің желілері арқылы біздің арналарды көрсете бастайды», - деді Дәурен Абаев.
Белгілі болғандай, осы жылдың сәуір айынан бастап, ресейдің «Мульт» деп аталатын балалар каналында мемлекеттік тілдегі қазақ өнімдері көрсетіле бастады.