Алматы. 8 маусым. 7kun.kz – Ресейлік Wildberries интернет-ритейлері қазақстандық кәсіпкерлермен теңгемен есеп айырысуға көшті, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
«Wildberries онлайн платформасы халықаралық бизнес өкілдерімен ұлттық валютада есеп айырысуға көшті», - делінген хабарламада.
Компанияның жаңа қаржылық саясаты жергілікті бизнес өкілдеріне сыртқы нарықта қолдау көрсететіні атап өтілді.
«Жаңа қаржы саясаты өзара есеп айырысуларды бұдан да ашық етеді, аймақтық валюталарды нығайтады және кәсіпкерлерге валюталық ауытқулар мен оларды айырбастау қажеттілігінен болатын ықтимал шығындарды азайтуға көмектеседі», - делінген ақпаратта.
Wildberries - Ресейдегі ең ірі интернет-сатушы. Компанияның айналымы 2021 жылы 93%-ға өсіп, ҚҚС-ты қосқанда 844 млрд рубльге жетті. Wildberries Ресей Федерациясынан басқа Беларусь, Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты бірқатар шет елдерде жұмыс істейді.