Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Ресей неге Қазақстан мен Беларусьтан тауар кіргізуге тыйым салды?

Ресей неге Қазақстан мен Беларусьтан тауар кіргізуге тыйым салды?

Апта басында Ресей билігі ЕАЭО елдерінен келетін кейбір тауарлардың елде таралуына тыйым салу туралы заң жобасын әзірледі. Ресейліктер үшін бұл "санкциялы" тауарды сатып алуға берілген кезекті тыйым десек, ЕАЭО-ға мүше елдер үшін экономикалық қарым-қатынастағы кезекті өзгеріс деп қабылдауға болады. 7kun одақтағы негізгі үш ойыншы арасындағы сауда байланысы туралы түсіндіруге тырысады.

Не болды?

Айта кету керек, жаңа заң жобасы әлі ресми түрде күшіне енген жоқ. Бірақ Ресейдегі іскерлік басылым  РБК-ның жазуынша, құжатты үкіметтік комиссия мақұлдаған. Сонымен құжат бойынша енді Ресейге

  • кеден салығы төмен немесе импортерлеріне арнайы жеңілдік берілген ЕАЭО-ның елдерінен келген
  • Ресеймен арада санкциялық шектеулер бар елдердің өнімдері кіргізілмеу қажет.

Сондай-ақ «Ресей президентінің бұйрығы бойынша анықталатын кейбір санаттағы тауарлар» ЕАЭО арқылы елге кіргізілмейді» делінген заң жобасында.

Бұл жерде "кейбір санаттағы тауарлар", "санкциялық шектеулері бар елдер" дегенде осыдан 3 жыл бұрынғы жағдайды еске түсіреміз. 2014 жылдың 6 тамызында Ресей өзіне қарсы санкция салғаны үшін АҚШ, Канада, Аустралия, ЕО елдерінен келетін тауарлардың кіруіне тыйым салған еді. Бірақ шекарадан өткізуге тыйым салынғанымен ол тауарлардың елдегі айналымы ресми түрде шектелмеген.

Барлық проблема осы жерде туындады деуге болады.

2016 жылдың қыркүйегінде Ресейдің бас прокурорының орынбасары Владимир Малиновский Минскіден келетін алманың тасымалы Беларусьте өсірілген көлеммен салыстырғанда 5 есе асып кеткеніне назар аударды. Ресей Польшадағы алманы санкция тізіміне енгізген еді, сондықтан Кремль ол өнім белоруссиялық деген атаумен жасырын түрде елге кіргізіледі деп күдіктенді. Тек алма ғана емес, Беларусьтен келетін креветка, ананас және басқа экзотикалық өнімдер де сенімнен шықты. 2016 жылдың желтоқсанында Россельхознадзор басшысы Сергей Данкверт көрші елдегі жеткізушілердің адал жұмыс істемейтінін айтып, "ресейлік нарықты ЕО мен Украина үшін жауап тастаған жағдайды пайдаланғысы келеді" деп айыптады.

Өткен жыл бойы Кремль Еуразиялық экономикалық одақтың ветеринария-санитария талаптарына сай келмейді деген себеппен бірнеше рет белоруссиялық ет пен сүт өнімдерінің елге кіруін шектеу салды.  Осы жылы бұл тізімге Қазақстан да кірді. Ақпанның басында фитосанитарлы бақылаудан өтпеді деген себеппен елімізден шыққан тауар Ресей шекерасына кіргізілмеді.

Кремль шенеуніктерінің сөзінше, азық-түлік эмбаргосын енгізді дегенімен нарықтан санкциялық тауарлар табылып жатыр. Мұны олар ЕАЭО мемлекеттерінің саясатымен түсіндіреді. Өткен жылғы статистика бойынша, Беларусь және Қазақстаннан келетін азық-түлік өнімдерінің импорты күрт өсіп кеткен. Осыдан кейін санкциялы өнімдер ЕАЭО елдері арқылы Ресейге еніп отыр деген күдік пайда болды.

Ресейлік экономистердің сөзінше, қазір Ресейдің сауда шарттары (нақты айтқанда ДСҰ-ға мүшелік, санкция және контрсанкция, Украина мен Түркияға қатысты шектеулер) ЕАЭО-ның басқа елдерінің сауда шарттарымен сәйкес келмейді. Яғни үшінші жақтағы елдерден (санкция салынған елдер деп те түсінуге болады) тауар кіргізу ережелері Ресей үшін және ЕАЭО елдері үшін екі бөлек және ерте ме кеш пе бұл сәйкессіздік жойылуы тиіс. Жаңа заң осы проблеманы шешуге бағытталып отыр. Ресей аумағындағы барлық тауар айналымы үшін ортақ ереже пайда болады.

Қазақстанға нақты қандай қатысы бар?

Қазақстан ДСҰ-ға кіргеннен кейін көпшілік тауар үшін салық мөлшерлемесін төмендетуге тиіс болды. Нақты айтқанда еліміз үшін кедендік тарифтің орташа мөлшерлемесі ЕАЭО-мен салыстырғанда 6,5%-дан 10,4%-ға дейін азайды. Яғни Қазақстаннан шыққан өнімдердің барлығы төмен салық бойынша басқа елдерге экспортталады.  Еуразиялық одақтың өзге елдері өз аумағына тым арзан тауарлардың келуінен қорыққандықтан Қазақстан бұған жол бермеуге уәде берген еді. Бірақ кедендік бақылаудың болмағандыған төмен мөлшерлемемен есептелген бағалар бәрібір Ресейге еніп жатыр.

Қазір ЕАЭО-да бұл жағдайға қатысты арнайы келісім бар. Қазақстанға төмен салық мөлшерлемесімен келген тауарларға қосымша салық салынады, бірақ ол одақтың бюджетіне кетеді. Қаржы министрлігінің заң жобасы үкіметке осы процедурадан өтпеген тауарлардың айналымын реттеуге мүмкіндік береді деп жазады ресейлік басылымдар.

Сондай-ақ Қазақстан арқылы ДСҰ-ның мөлшерлемесі бойынша өткен тауарларды Ресейге кіргізуге тыйым салынады. ДСҰ мен Еуразиялық тариф арасындағы айырмашылықты төлеуге болмайды дейді ресейлік логистикалық компаниялар. Ол тауарлар жарлық бойынша бірден жойылып отырады. Бірақ ондай тауарларды салық тексерісі кезінде ғана анықтауға болады.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа құжаттың бір мақсаты — Ресейге ЕАЭО мемлекеттері арқылы соның ішінде Қазақстан арқылы келетін ДСҰ (Дүниежүзілік сауда ұйымы) елдері тауарларының өтуіне шектеу қою.

Похожие материалы