Ресейлік РБК медиахолдингінің шеф-редакторы Елизавета Осетинская, ақпарат агенттігінің бас редакторы Роман Баданин және РБК газетінің бас редакторы Максим Солюс қызметтерінен босатылды, деп хабарлайды BBC.
"Соңғы уақытта РБК-ны ары қарай дамыту шаралары туралы көп әңгімелестік. Дегенмен маңызды мәселелер бойынша ортақ шешімге келе алмадық. Сондықтан бөлек кетуді ұйғардық. Елизавета, Роман және Максимге компанияны дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдіремін", - деді РБК-ның бас директоры Николай Молибог.
13 мамыр Осетинской, Баданин және Солюс үшін РБК-дағы соңғы жұмыс күні болды."Медиазона" басылымының мәліметі бойынша, Осетинской мен Баданин екі жақты келісім бойынша қызметтен кетсе, Солюс өз еркінен тыс жұмыстан босатылған. Дегенмен бұл ресми түрде расталған жоқ.
Енді 30 маусымға дейін РБК-ның жетекшілік қызметін уақытша Роман Баданиннің орынбасары Ирина Малкова атқаратын болады. Ал холдингтің кейбір қызметкерлері өздерінің Facebook парақшаларында 30 маусымнан бастап басқа жұмыс іздейтіндерін жазған.