Экономика
Медиа
Ресейлік стартапшы қазақстандық балаларға OYLA журналының жылдық жазылымын сыйға тартты
Ресейлік стартапшы Арсен Томский қазақстандық жетімдер мен жағдайы төмен отбасыдан шыққан балаларға ғылыми-танымал OYLA журналына жылдық жазылуды сыйлады. Бұл туралы оның Facebook-тегі ресми парақшасында жазылған.
"Наурыз айында 100 балалар үйі мен интернаттан, жағдайы төмен және көпбалалы отбасыдан шыққан балалар журналдың бірінші номерін алады және бұл жыл бойы жалғасып отырады. Сондай-ақ Арсен бізге ІТ-технология мен стартапқа арналған OYLA-ның арнайы шығарылымын жасауға түрткі болды. Ол мамыр айында оқырмандардың қолына тиеді", -делінген хабарламада.
Арсен Томский - Ресейдегі ең табысты стартаперлердің бірі. InDriver онлайн-такси қосымшасының және ykt.ru интернет-порталының негізін қалаушы, "Синет" компаниясының бас директоры.
Қазақстандағы бірінші ғылыми-танымал OYLA журналы 2015 жылдың күзінде таныстырылды. Шығарылған күнінен бастап қазақ және орыс тіліндегі тираж көлемі 20 мың болған еді. 2016 жылдың ақпанында редакция жазылушылардың жетіспеуіне байланысты қазақ тілді нұсқаның жабылатындығын хабарлады. Шығындарды жабу үшін кем дегенде 3000 адам оқырманы болуы керек. Ал әзірге журналға 18 адам жазылған.