Астана. 9 ақпан. 7kun.kz - Бүгінде Қазақстанда ревизорлар жемқорлық жасады деп айыптан қорыққандықтан да бизнеске айыппұл салады. Бұл туралы Тәуелсіз кәсіпкерлер ассоциациясының Астанадағы филиалының төрағасы Қанат Елеусізов мәлімдеді.
Оның сөзінше, құзырлы органдардың өкілдері әдетте кәсіпкерлерге тексеріс жүргізбестен бұрын айыппұл саламын деген ниетпен келеді.
"Сондықтан олар дүкен сөрелеріндегі шаңға, баға көлеміне тіпті сөрелердің арасындағы кеңістікке де мән береді. Инспекторлардан бірден айыппұл салмастан алдымен ескерту жаса деп өтінсек, өздері де қорқатындарын айтады. Себебі, кейін оларды жемқорлыққа айыптауы мүмкін", - деп түсіндірді кәсіпкер.
Оның айтуынша, санитарлық нормалар және басқа да заңдарда мыңға жуық талаптар болады, олар үнемі өзгеріп отырады. Бизнесмендер тіпті қадағалап үлгермейді. Осыған байланысты Елеусізов кәсіпкер мен тексерушінің арасындағы байланысты жеңілдетуді ұсынады.
"Мысалы, инспектор келіп, қателіктерді көріп, жою үшін бір ай уақыт береді. Егер ол уақыт аралығында бизнесмен ештеңе істемесе, оған айыппұл салады. Бұл - қарапайым тәжірибе. Кәсіпорындардың өрт кезіндегі қауіпсіздігін тексеретін төтенше жағдайлар комитеті осындай әдіспен жұмыс істейді. Ал салық органдарының өкілдері бірден келіп, айыппұл салады. Кәсіпкер өзінің дұрыстығын дәлелдеу үшін сотқа баруы керек", - деп түсіндірді ассоциацияның астаналық филиалының басшысы.
Ол салық органдарын кәсіпкерлермен келісімге келіп, бюджетке зиян тимейтін жағдайларда айыппұл салмауға шақырды.