ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры бүгін «Үркер» - 2020 Ұлттық сыйлығына қатысу үшін өтінімдер қабылдаудың басталғаны туралы хабарлады.
Биыл әлемдік өзгерістерге байланысты «Үркер» Ұлттық сыйлығы күзде өткізіледі. Өтінімдер 2020 жылдың 02 қазанынан 02 қарашасына дейін қабылданады.
Конкурстық жұмыстарға қойылатын талаптар:
- жұмыстар 2019 жылдың 1 қаңтары мен 2020 жылдың 01 қарашасы аралығында жариялануы тиіс;
- жұмыстар баспа басылымында, интернет-ресурста жариялануы немесе радиоэфирде шығуы тиіс.
«Үркер-2020» Ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі онлайн форматта 2020 жылдың 13 қарашасында өтеді.
Биылғы жылы «Үркер - 2020» сыйлығы 11 номинация бойынша марапатталады:
1. Жылдың үздік фотосуреті;
2. Жылдың үздік репортажы;
3. Жылдың үздік аналитикалық материалы;
4. Жылдың үздік журналистік зерттеуі;
5. Жылдың үздік сұхбаты;
6. Жылдың үздік танымдық материалы;
7. Радиостанциядағы үздік жоба;
8. Жылдың үздік жаңалықтар порталы;
9. Жылдың үздік газеті;
10. Жылдың үздік журналы;
11. Шерхан Мұртаза атындағы Номинация.
Биылғы жылы публицистерге жеке номинация арналды. Номинация Шерхан Мұртазаның құрметіне аталды. Бұл номинацияға бүгінгі қоғам өмірінің өзекті мәселелері мен құбылыстарына өз жұмыстарын арнаған авторлар үміткер бола алады. Материалдар баспа немесе интернет-басылымдарда қазақ немесе орыс тілдерінде жариялануы тиіс.
Байқау жұмыстарын беделді журналистер, саланың еңбек сіңірген қайраткерлері және халықаралық медиа сарапшылардан құралған тәуелсіз қазылар алқасы бағалайды.
Конкурс қорытындысы бойынша әр номинацияның үздік өкіліне жеңімпаз атағы беріліп, «Үркер-2020» естелік мүсіншесі және 1 000 0000 теңге мөлшеріндегі ақшалай сый табысталады. Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер https://urker-awards.kz/ru/ ресми сайтындағы тиісті өтінімді толтыруы қажет.