Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Роман Абрамович Еуроодақ Кеңесін сотқа берді

Роман Абрамович Еуроодақ Кеңесін сотқа берді

Алматы. 1 маусым. 7kun.kz – «Челси» футбол клубының бұрынғы иесі ресейлік миллиардер Роман Абрамович Еуроодақ Кеңесіне қарсы сотқа шағым түсірді, деп хабарлайды 7kun.kz.

Еуроодақ Кеңесі Абрамовичке қарсы санкция салған. Ол – Ресейдің, Израильдің және Португалияның азаматтын алған ресейлік миллиардер. Санкция Путин айналасындағы одақтастарына және Ресейге қарсы кешенді шектеулер аясында салынған.

Роман Абрамович – наурыз айында Еуроодаққа кіруге тыйым салынған және ЕО аумағындағы активтері бұғатталған бірнеше ресейлік дәулеттілердің бірі. ЕО мәлімдеуі бойынша, ол Ресей президентіне еш кедергісіз кіретін және Путинмен тығыз қарым-қатынастағы тұлға саналады. Алайда Абрамович оны түгелдей жоққа шығарды.

Ал Ұлыбритания Үкіметі олигархтың «Челси» футбол клубын сатуға мәжбүрледі. 30 мамыр күні клуб 2,5 млрд фунт стерлингке (3,2 млрд доллар) сатылды. «Челсидің» жаңа қожайыны – Тодд Боэли бастаған консорциум. Атақты футбол клубы Абрамович 19 жыл иелік еткен уақытта еуропалық өзге жүлделерден бөлек 5 рет Премьер-лига жеңімпазы болған.

Португалия билігінің мәлімдеуінше, клубтың сатылуы олигархқа ешқандай пайда әкелмеген. Себебі «Челсиді» сатқанда түскен қаржы түгелдей Украинаға гуманитарлық көмек ретінде жұмсалмақ.

Похожие материалы