Роскомнадзордың әрекеті өзге елдің ақпараттық егемендігіне қол сұғушылық ретінде қаралмауы тиіс – Ақпарат министрлігі
Алматы. 15 мамыр. 7kun.kz – Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Роскомнадзордың қазақстандық БАҚ-қа ақпаратты жою туралы талапхаты туралы пікір білдірді.
«Қазақстандық Медиа Желі» ҚБ-не жолдаған жауапхатта мұндай мониторинг, бақылау, шетелдік интернет-ресурстардың атына хабарламалар жіберу және ұлттық заңнаманы бұзатын ақпараттың таралуын шектеу жөнінде шаралар қабылдау практикасы біздің елімізде де бар екені айтылған.
«Министрлік ақпарат саласындағы уәкілетті орган бола отырып, тұрақты негізде қазақстандық заңнаманы бұзушылықтарды анықтау тұрғысынан ақпараттық алаңға мониторинг жүргізеді. Бұзушылықтар анықталған жағдайда, Министрлік интернет-ресурс әкімшілігінің атына хабарламаны алған сәттен бастап алты сағат ішінде тиісті материалдарды анықтау және жою бойынша шаралар қабылдау қажеттігі туралы хабарлама жібереді. Интернет-ресурсқа бұзушылықтар жойылмаған жағдайда Министрліктің нұсқамасы негізінде Қазақстан Республикасының аумағында қолжетімділікті шектеу жөніндегі шаралар қолданылуы мүмкін. Уәкілетті органның талаптарын орындамаған шетелдік интернет-ресурстарға қолжетімділікті шектеудің осындай практикасы Қазақстанда да бірнеше рет қолданылған», делінген жауапхатта.
Министрліктің пікірінше Ұлттық заңнамаларда көзделген шектеу шараларын қабылдау мүмкіндігі азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде және Адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды қорғау туралы Еуропалық Конвенцияда да көзделген.
«Осылайша, ақпараттық кеңістікте заңнаманың сақталуына жауап беретін уәкілетті органдар тарапынан шетелдік интернет-ресурстармен хабарлама жұмысын жүргізу халықаралық практикаға сәйкес келеді, ұлттық заңнамалармен регламенттеледі және сол немесе өзге елдің ақпараттық егемендігіне қол сұғушылық ретінде қаралмауы тиіс», дейді министрлік.