Экономика
S&P: 2015 жылы теңге девальвациясы болуы мүмкін
Standard & Poor’s (S&P) халықаралық рейтинг агенттігінің болжамы бойынша, Қазақстанның Ұлттық банкі ағымдағы жылы теңге курсын төмендетуі мүмкін. Бұл жөнінде агенттік берген есепте айтылған.
2014 жылдың ақпан айында теңге 19 пайызға құнсызданды. Алдағы құнсыздану қаупі мұнай бағасының төмендеуі мен 2014 жылдың соңына қарай ресей рублінің әлсіреуіне байланысты туындап отыр. Қазақстан үкіметі ұлттық валюта бағамының ауытқуынан айналып өтер жол іздейтіндігін бірнеше рет айтқан болатын.
«Біздің ойымызша, Ұлттық банк теңгенің әлсіреуін біртіндеп енгізеді немесе 2015 жылы тағы бір рет девальвацияға жол береді», - делінген құжатта.
«Негізінен, біз банктік жүйедегі несие беру қарқыны өткен кезеңмен салыстырғанда аздап бәсеңдейді деп ойлаймыз. 2015-2016 жылдары кесімді өсім жылына 2-5 пайызды құрайды. Ал, бұл болса 2011-2014 жылдардағы 10 пайыздық көрсеткіштерден әлдеқайда төмен», - деп көрсетілген агенттік есебінде.