Сұхбатқа дайындық барысында барлық ықтимал қитұрқы сұрақтарға жауап ойластыруға тырысатын шығарсыз. Алайда сұңғыла жауаптарыңызды паш етпес бұрын, жақсы әсер қалдыру мүмкіндігін жіберіп алмаңыз.
- Уақытында келіңіз
Арманыңыздағы қызметке орналасқыңыз келсе, есіңізде болсын: "Егер сіз белгіленген уақытта келсеңіз, кешіктіңіз; егер сіз белгіленген уақыттан бұрын келген болсаңыз, уақытылы келген болып есептелесіз".
Кешіктіңіз бе?
Сұхбат алушыға бірден хабарласыңыз. Оның уақытын бағалайтыныңызды және шынымен де осы жұмысқа кіруді қалайтыныңызды білсін.
- Не киетініңізді ойластырыңыз
Мүмкін сіздің сыртқы көрінісіңіз жұмыс берушінің соңғы шешіміне әсер етпейтін шығар, дегенмен алғашқы әсерге себін тигізетіні анық. Мұқият үтіктелген костюммен және жалтыраған аяқ киіммен, түгенделген портфолиомен келсеңіз, сізді дереу кәсіби маман ретінде қабылдай бастайды.
- Өзіңізбен бірге ең қажетті затты ғана алыңыз
Бір саптыаяқ сергітетін кофе сіз үшін өмірлік маңызы бар дүние шығар, алайда онымен бірге болашақ офисіңізге аттап баспаңыз. Жұмыс берушіңізбен алғашқы әңгімені «Қоқыс шелегі қайда?» деп бастамайтын шығарсыз. Бұл әрине, ерсі.
- Хатшыға сыпайылық танытыңыз
Әрине қабылдау бөліміндегі адам кадр бөлімінің менеджері емес, бірақ бұл оның пікірінің маңызы жоқ дегенді білдірмейді. Іс жүзінде, кейбір компаниялар хатшылардан өтініш берушінің мінез-құлқын сұрайды. Сіздің жұмысыңыз туралы шешім қабылдаған кезде бұл ақпарат шешуші болуы мүмкін, сондықтан хатшымен де жұмыс берушімен бірдей әрекет ету маңызды.
- Ұқыпты болыңыз
Жұмыс беруші түйіндемеңізді сұраған кезде, сөмкеңізді ақтарып, ондағы ескі чектер, кәмпит қағазын, телефон қуаттағышын сапырылыстырып ұқыпсыз адам екеніңізді танытасыз.
Жақсы әсер қалдыру үшін сізде бәрі тұп-тұйнақтай болуы тиіс. Түйіндеме, ұсыныс хат, тіпті қаламның өзін бірнеше сәтте-ақ сөмкеңізден суырып ала қоятындай болғаны жөн. Сөмкені қаншалықты аз ақтарсаңыз, соншалықты жақсы.
- Бірінші қадамды өзіңіз жасаңыз
Жұмыс берушінің кеңсесінде қонақ болғандықтан, оның бірінші таныстырғанын күтетін шығарсыз. Дегенмен бастаманы қолға алудан тартынбаңыз. Осылайша, сіз өзіңізге сенімді, келгеніңізге өте қуанышты, сұхбатқа дайын екеніңізді дәлелдейсіз.
- Жақындасуға тырысыңыз
Танысудан кейін сұхбат жүргізетін адаммен байланыс орнату мүмкіндіктерін анықтау арқылы өзіңіздің әсеріңізді күшейтіңіз. Әңгіменің жаһандық маңызы бар нәрсе туралы болатыны міндетті емес. Мысалы, қабырғада дипломы, грамоталары ілініп тұруы мүмкін. («Сіз ҚазҰУ-да оқыдыңыз ба? Мен де сонда оқыдым» немесе «Өткен жылы мен де марафонда жүгірдім, сіз қалай жеңіске жеттіңіз?» деген секілді).
Мүмкін, бұл кеңестер жұмысқа тұруға кепілдік бермейтін шығар, алайда мақсатыңызға жақындатуға себі бар. Сұхбаттың дұрыс басталуы арқылы сіз ең қиын сұрақтарға жауап беріп, табысқа жету мүмкіндігін арттыра аласыз.
Дереккөз: Hipo.kz