Алматы. 24 қазан. 7kun.kz - Алматыда ҚР Премьер-министрі екінші деңгейлі банктердің басшыларымен және еліміздің қаржы секторының ірі қатысушыларымен кездесу өткізді.
Алматыға жұмыс сапарымен келген Премьер-министр бірінші кезекте қала әуежайын кешенді жаңғырту жоспарымен танысты.
Бүгінде Алматы әуежайынан шамамен 40 әуе компаниясы тәулігіне 150-ден астам рейс жасайды. Жоба аясында транзиттік аймақтарды және жолаушылар терминалының ұшу залдарын кеңейту жоспарда бар. Бұл жолаушылар мен жүк тасымалдарының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан кейін Бақытжан Сағынтаев екінші деңгейлі банктердің басшылары және еліміздің қаржы секторының ірі қатысушыларымен кездесу өткізді.
Қатысушылар кеңес барысында электронды сауданы дамытудың 2018–2020 жылдарға арналған Жол картасының жобасын, Зейнетақы қорының және Міндетті медициналық сақтандыру қорының активтерін басқару мәселелерін, сондай-ақ, жеке тұлғаларды цифрлық сәйкестендіру, қор нарығы және цифрландыру жағдайында сақтандыру нарығын дамыту мәселелерін талқылады.
Дереккөзі: primeminister.kz