Алматы. 19 мамыр. 7kun.kz - Алматы қалалық Мемлекеттік кіріс департаменті салықтан жалтарып келген қазақстандық «жұлдыздарды» тексеруді бастады.
Мұндай тексеруге «Forbes.kz» басылымында жарияланған 2015 жылғы ең табысты әртістердің рейтингі себеп болған.
Тексеру нәтижесінде белгілі болғандай, кейбір «жұлдыздар» халық арасындағы танымалдығы мен Инстаграмдағы «өмір салтына» қарамастан мемлекетке бір тиын салық төлемейді екен.
Жоғарыда көрсетілген рейтинг бойынша әнші Бүркіттің 2015 жылғы орта табысы 180 млн теңге болса, Асхат Тарғынов 172,8 млн теңге, Әлішер Кәрімов 135 млн теңге, Ахмадиева Дильназ 108 млн теңге, Бақтияр Мамедов (Jah Khalib) 90 млн теңге, Әли Оқапов 54 млн теңге, Серік Ибрагимов 54 млн теңге, Жанар Дуғалова 45 млн теңге табыс тапқан.
Жоғарыда көрсетілген тұлғалардың ешқайсысы жеке кәсіпкерлігін ашып, салық төлемеген.
Жеке кәсіпкерлігін тіркеген «жұлдыздардың» Каринбаева Луиза (Луина) мен Исабекова Мақпал да бюджетке бір тиын аудармаған.
Департамент қызметкерлері шоу-бизнес өкілдерімен жүргізген сұхбаты барысында олардың барлығы бірауыздан төленген салығына орай табыс тауып жатқанын айтқан.
Осыған байланысты мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкерлері тексеруге көшті. Оның ішінде продюссерлік, дыбыс жазу, клип түсіру саласында тер төгіп жүргендердің қызметі де назарға алынады.
ҚазАқпарат